Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы

Біздің әрқайсымыз жеке меншіктегі жылжымайтын мүлік туралы армандаймыз, оны сатып алудың әр түрлі мүмкіндіктері бар. Соның бірі, қаражат есебінен тұрғын үйдің үлестік құрылысына қатысу арқылы ие болу.
2016 жылғы 7 сәуірде «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды, осы Заң жеке және (немесе) заңды тұлғалардың ақшасын тарту есебінен тұрғын үйлердің (тұрғын ғимараттардың) тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу жөніндегі қызметке байланысты қоғамдық қатынастарды реттейдi, сондай-ақ тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шарт тараптарының құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау кепiлдiктерiн белгiлейдi.
Аталмыш Заң 2016 жылдың 10 қазанында қолданысқа енгізіледі.
Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуды ұйымдастырутәсілдері:
1) Кепілдік беру қорынан кепілдік алу;
2) екінші деңгейдегі банктің жобаға қатысуы;
3) тұрғын үйдің (тұрғын ғимараттың) қаңқасы тұрғызылғаннан кейін үлескерлердің ақшасын тарту тәсілдерінің бірі арқылы ұйымдастырылады.
Тұрғын үйлердің (тұрғын ғимараттардың) құрылысы үшін осы бапта көзделмеген өзге де тәсілдермен жеке және заңды тұлғалардың ақшасын тартуға тыйым салынады.
Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт жазбаша нысанда жасалады және тұрғын үйдің (тұрғын ғимараттың) орналасқан жеріндегі жергілікті атқарушы органда оны есепке қойған кезден бастап шарт күшіне енеді.
Уәкілетті компания үлескерлердің ақшасын тартуды облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы берген үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсатының негізінде жүзеге асырады.
Үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсатты жергілікті атқарушы орган тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) пайдалануға беруге дейін оның құрылысының бүкіл кезеңіне береді.
Тұрғын үйдің (тұрғын ғимараттың) құрылысына бағытталған ақшаны мақсатты пайдалануды қамтамасыз ету мақсаты үшін уәкілетті компания және мердігер (бас мердігер) екінші деңгейдегі бір банкте ғана біреуден аспайтын банктік шот ашуға міндетті.